Павлодарда өзгенің мүлкін қасақана бүлдірген 194 азамат жауапқа тартылды

Павлодар қаласында жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін 194 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп бұзушылардың қатарында қоғамдық мүлікті бүлдіру фактілері жиі кездесуде.Мәселен, Чайковский көшесінде мас күйінде жүрген қала тұрғыны кірпіш лақтырып, үй ауласындағы Toyota Camry автокөлігінің артқы терезесін сындырған. Бұл әрекеті үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды.

Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және вандализм актілеріне бей-жай қарамауға шақырады. Қоғамдық тәртіпті бұзу және мүлікті бүлдіру деректері анықталған жағдайда “102” арнасына хабарласу қажеттігін еске салады. Вандализм үшін жауапкершілік күшейтілгенін де еске саламыз.