Павлодарда мобильді қосымша арқылы заңсыз қызмет көрсеткен такси жүргізушісі жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодарда “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Г. Дүйсенов көшесінде Lada 21090 автокөлігін тоқтатты. Көлікті облыс орталығының тұрғыны жүргізген. Ол кәсіпкерлік қызметке рұқсаты болмаса да такси жүргізушісі ретінде жолаушы тасымалдап келген.
Тәртіп сақшылары жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның арнайы рұқсатсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын анықтады. Ол мобильді қосымша арқылы жолаушылар тасымалдап, бірақ қажетті рұқсаттар мен құжаттарды рәсімдемеген. Бұл әрекет заңнамаға қайшы болғандықтан, жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, іс сотқа жіберілді.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері дәл осындай заң бұзушылықтың 20-ға жуық дерегі анықталған. Ішкі істер органдарының негізгі міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту. Әрбір заң бұзушы өз әрекеті үшін жауапкершілікке тартылатыны сөзсіз.