Оралда денесінің көп бөлігін күйік шалған 8 жасар бала көз жұмды

Орал қаласында 8 жасар баланың күйік жарақатын алғаны жөнінде Instagram әлеуметтік желісінде ақпарат жарияланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жазатайым оқиға 10 тамыз күні шамамен сағат 16.30-да Қонаев шағынауданы 55-үй маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша жергілікті тұрғын үй ауласында автомобилін жөндеп жатып, жанар-жағармай құйылған канистрді қалдырып кеткен.

Денесін түгелге жуық күйік шалған бала өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

— Қылмыс құрамының жоқтығына байланысты бір-екі бала мен жүргізушінің сөзі негізінде полиция істі жапқан. Әйтсе де таныстар куәгерлер болғанын айтады. Сондықтан оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін қандай да болсын ақпарат білетіндердің хабарласқанын өтінемін. Жүргізушілер өз автокөліктеріне мұқият болып, тез жанатын және жарылыс қаупі жоғары заттарды қалдырмауы керек. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жүк салғышта бензині бар канистрді қалдырып кеткен жүргізушіні жауапқа тартпағанын да атап өткім келеді, — деп жазды тұрғын әлеуметтік желіде.