Атырау қаласының темір жол аумағында екі ер адам синтетикалық есірткімен ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көлік полицейлері “Әскерилендірілген теміржол күзеті” ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Атырау қаласының темір жол аумағында 27 және 35 жастағы Қостанай облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады.
Жеке тінту барысында ер адамдардан жалпы салмағы 6 грамм болатын “Альфа-PVP” синтетикалық есірткі заттары табылып, тәркіленді.
Ұсталғандар синтетикалық есірткіні жеке өздері пайдалану үшін Telegram мессенджері арқылы сатып алғандарын айтты.
Ұсталған ер адамдардың уақытша тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстарын жүргізу барысында ақ түсті ұнтақ заты бар 6 дана пакет, тамшуырлар және затты пайдалану аппараттары табылды.
Аталған факті бойынша Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
Атырау қаласының № 2 сотының үкімімен қаскүнемдер қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды