Жетісу облысында жеңіл автокөлік жүк көлігімен соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол апаты 21 ақпанға қараған түні Сарқан ауданындағы Алматы – Өскемен автожолының 455 шақырымында орын алды.
Nissan Terrano жүргізушісі жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, DAF XF 105 жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында жеңіл автокөліктің 30 жастағы жүргізушісі қаза тапты. Жолаушы ретінде кетіп бара жатқан әйел түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жатқызылды.
Жол апаты бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.