Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың жүк көлігі айыптұраққа қойылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерінің алдын алып, тосқауыл қою мақсатында, облыс полицейлері тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруда. Облыс әкімі Д. Сатыбалды мен полиция генерал-майоры М. Қабденов бұл шараны қатаң бақылауға алған.
Осы ретте Сауран ауданында рейд өтіп, 1 тәулікте заңсыз жер қойнауын тасымалдаудың 5 жайты анықталды. Жүк көліктері айыптұраққа қойылды. Ал құжаттар әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін экология департаментіне жолданды.
Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері “Жер қойнауын өз бетінше пайдалану” дерегімен 4 қылмыстық іс тіркелген. Одан бөлек заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 150 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар “Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу” бабымен экология департаментіне жолданған. Айыптұраққа 164 жүккөлігі (92 – Хова, 72 – Камаз), 17 арнайы техника қойылған.