Жамбыл облысында полицейлер 24 келіден астам есірткі тасымалдаған Тараз тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора – 2024” профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Меркі ауданының құмды аумағында жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде KIA автокөлігін тоқтатты.
28 жастағы жүргізушінің басқаруындағы автокөлік құмды аймақтан Тараз қаласына қарай бара жатқан. Көліктің ішінде облыс орталығының тұрғындары – 24, 26 және 28 жастағы үш жолаушы болған.
Автокөлікті тексеру кезінде көліктің жүк салатын бөлігінде жалпы салмағы 24 келі 160 грамм кептірілмеген марихуана есірткі заты салынған 4 полипропилен қапшық тәркіленді.
– Қазіргі уақытта есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталғандар өз кінәларын мойындады, Меркі ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.