Жамбыл облысында міндетін тиісінше орындамаған 19 ата-ана жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында Жамбыл облысының полиция қызметкерлері үнемі рейдтік іс-шаралар кешенін өткізеді. Аталған міндеттерді іске асыру және іс-қимылдарды үйлестіру үшін облыстық орталықтың полиция бөлімдерінде ювеналды полиция инспекторларын, білім басқармасының өкілдерін, еріктілерді және өзге де мүдделі органдарды тарта отырып, жұмыс топтары құрылды.
Мысалы, осы аптада облыстағы 3 ойын-сауық мекемесінде полиция қызметкерлері сағат 22:00-ден кейін ересек адамдардың еріп жүруінсіз болған 5 жасөспірімді анықтады. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар кафе иелері ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беру) бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс болуына жол берген 178 заңды өкіл және кәмелетке толмаған балаларына білім беру және тәрбиелеуге қатысты ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 19 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
7 күн ішінде облыста 65 рейд жүргізілді, оның барысында ІІО-ға 178 кәмелетке толмаған бала жеткізіліп, 308 ата-ана мен өзге де ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 6 жасөспірім және 2 қолайсыз отбасы есепке алынды. Қаңғыбастығы үшін ЦАН-ға 2 жасөспірім орналастырылды.
– Күн сайын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар күндізгі білім беру мекемелерінде құқық бұзушылықтардың алдын алуды, ал түнде – көшелерде, ойын-сауық мекемелеріне рейдтер жүргізеді. Ювеналды полиция қызметкерлерінің жалпы міндеті – балаларда кездесетін қиындықтардың алдын алу және олардан қорғау. Ата-аналарға хабарласып, балаларының бос уақытына және араласатын орталарына бақылау жасауды сұраймыз. Ата – аналар тарапынан кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы мен оқуларына тәрбиелік ықпалдың және бақылаудың болмауы олардың құқыққа қайшы әрекеттер жасауына себеп болуы мүмкін, – деді ПД ЖПҚБ ЮПТ арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.