Есірткімен күрес басқармасының бастығы әлемге әйгілі Шу алқабы жайында айтып берді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері жыл сайын қарасораның қаулап өсетін кезеңінде тәулік бойы патрульдеуге шығып, Шудың құмды алқабын аралап, есірткі сатушыларды анықтайды.
Шу аумағындағы жабайы қарасора алқаптары 138 мың гектардан 62 мың гектарға дейін екі есе қысқарды. Атқарылған жұмыстарға қарамастан, әлі де тұрақты бақылауды қажет ететін кең ауқымды кеңістігі бар аумақтар бар.
Қазіргі таңда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мақсатқа бағытталған кешенді жұмыстар атқаруда, олар келіп түскен ақпаратты зерделейді, есірткі дайындаушыларды анықтап, құрықтайды. Жыл сайын республика бойынша бес ай ішінде “Қарасора” ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
– Есірткі қылмысына қарсы күреске ЕҚІҚБ, “Дельта-Долина” есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша арнайы бөлінісінің қызметкерлері жұмылдырылып, еліміздің басқа өңірлерінен де полицейлер тартылған, – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.
Биыл “Қарасора” кешенді іс-шарасы 1 маусымнан 30 қазанға дейінгі аралықта өткізіледі. Өңірде есірткі транзиті мүмкін болатын негізгі жолдарда орнатылған жылжымалы бекеттер құрылды.
– Құмды өңірдегі жолдар әдетте асфальтталған тас жолдарға қосылады. Облыстық трасса міндетті түрде республикалық көлік жолымен шектеседі. Біздің облыста олардың бірнешеуі бар. Сондықтан біз құмды аймақтың барлық кіреберістері мен шығу жолдарын қамту үшін әрбір осындай учаскеге посттар қойдық. Егер тіпті есірткі тасымалдаушы бекеттерді айналып өтпек болса, ол біздің қызметкерлеріміз бар басқа көлік жолына шығады, – деп сөзін түйіндеді Әлім Бажықбаев.
Бүгінгі таңда қарасора өсімдік ретінде көптеген қолданыстарға ие: одан арқан жасау үшін талшықтар алады, киімге мата жасайды, тамақ дайындау және дәрі-дәрмек үшін май сығады. Алайда, ол көбінесе есірткі тұтыну мақсатындағы шикізат ретінде қолданылады. Олардың ең көп тарағандары – гашиш және марихуана.
Әдетте есірткі сатушылар оларды ешкім көрмейтін тәуліктің түнгі мезгілінде жұмыс істеуге тырысады. Күндіз олар жертөлелерде тұрады, маскировка жасап жасырынады. Түнде кәсіптеріне кіріскен шақта, полиция оларды сол жерде ұстайды.
Мұндағы қызметкерлер орналасқан ғимаратта жұмыс істеу және демалу, спортпен шұғылдану үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Яғни қызметтік үй-жайлар, кезекші бөлім, қару сақтауға арналған бөлмелер, кір жуатын бөлме, медициналық пункт, конференц-зал, асхана, душ бөлмесі және жатын бөлмелер бар.