Елордалық жасөспірімдер полицейлерге ауыр қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектесті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға туралы Астана қаласындағы патрульдеу бағытындағы Ақмола облысының патрульдік полиция ротасының инспекторларына хабарланды. Жасөспірімдердің айтуынша, екі адам арасындағы қақтығыс нәтижесінде олардың бірі қарсыласын пышақтап, содан кейін қашып кеткен. Қылмыскердің қылмыстық әрекеттерін жасөспірімдер телефонның бейнекамерасына түсіріп үлгерген. Бұл кейіннен полицейлерге дәлелдемелік базаны жинауға және қаскүнемді ұстап алуға көмектесті.
Жедел жәрдем келгенге дейін тәртіп сақшылары Дамир Нұртасов, Марат Мәуленов және Ерсейн Октябров уақыт жоғалтпай жақын маңдағы аулалар мен куәгерлерді іздей бастады.
Атқарылған жұмыстар мен үйлестірілген іс-қимылдар нәтижесінде куәгерлер көрсеткен 63 жастағы азамат жылдам ұсталды. Күдікті дереу оқиға орнына жеткізіліп, келген жедел-тергеу тобына берілді. Полиция қызметкерлерінің барлық әрекеттері бейнетіркеуішке тіркелген.
Полицейлер жасөспірімдерге ризашылықтарын білдірді. Олар қорықпай, қылмыс сәтін видеоға түсіріп, тәртіп сақшыларын шақырды. Өскелең ұрпақтың басым бөлігі белсенді азаматтық ұстаныммен өсіп келеді деп сенімді түрде айтуға болады.
Полиция азаматтарға егер қылмыстың куәсі болсаңыз, ауыр зардаптарға тап болмау үшін оның алдын алуға тырыспаңыз деп кеңес береді.