Елордада өзгенің көлігіне түскен ұры құрықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданы полиция бөлімі криминалдық полиция қызметкерлері автокөліктен ұрлық жасады деген күдікпен 29 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғаны, ер адам түнгі уақытта Абылайхан даңғылындағы тұрғын үйдің автокөлік тұрағына келген. Қылмыстық пиғылмен ол тұрақтағы көліктердің есіктерін тартып көрген, осылайша Volkswagen passat автокөлігінің есігі ашық тұрғанын байқаған. Қаскүнем жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, салоннан 150 мың теңге тұратын құрал-саймандар жинағын алып кеткен. Ұрының бұл іс-әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдеме тәркіленді.
Астана қаласы полиция департаменті көлік құралдары иелеріне қырағы болып, көліктерін құлыпсыз қалдырмауды, көліктерді арнайы тұрақтарға немесе бейнебақылау камераларының көріну аймағына қоюға кеңес береді.