Елордада полиция қызметкерлері отбасылық жанжалқойдан есірткі тәркіледі

Елордада полиция қызметкерлері отбасылық жанжалқойдан есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қала полициясына оң жағалаудағы пәтерлердің бірінде жанжал болып жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері дереу мекенжайға барды.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары тұрғын үйдің кіреберісінде 39 жастағы тұрғын жанжалқойды ұстады. Жеке тексеру кезінде жергілікті тұрғынның шалбарының қалтасынан ақ түсті ұнтақ заты бар 2 байлам табылып, тәркіленді. Сол жерге полиция қызметкерлері Сарыарқа ауданы ПБ жедел-тергеу тобын шақырды, пәтерді тінту барысында жатын бөлмедегі сөмкеден 168 бума табылды.

Сараптамаға сәйкес, алынған заттар «эфедрон» меткатинон есірткісі болып шықты.

Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам есірткіні тарату және құпия орындарға жасыру үшін сақтаған. Болған оқиғаның барлық жағдайлары тергеу қызметкерлерімен анықталуда.

Қазіргі уақытта осы дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.