Елордада полиция қызметкерлері ер адамнан ірі көлемде кокаин тәркіледі

Елордада полиция қызметкерлері ер адамнан ірі көлемде кокаин тәркіледі, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петров көшесінің бойында Haval автокөлігінің жүргізушісін ұстады, тінту барысында оның күртесінің қалтасынан ішінде ұнтақ тәрізді заты бар полиэтиленді 30 орама табылып, тәркіленді.

Көлікті тексеру кезінде тәртіп сақшылары осындай тағы 76 ораманы тапты.  33 жастағы ер адам интернет-дүкенде есірткіні орап, жинап және таратумен айналысқанын мойындады. Күдіктінің тұрғылықты жерінде қоқыс контейнерінің жанынан есірткі заттарын жасырған орын анықталды. Үлкен сөмкенің ішінен таразылар, ZipLock қалташалары, жабысқақ таспа мен есірткі табылды.  Сараптама нәтижелеріне сәйкес тәркіленген есірткі салмағы 43,23 грамм кокаин, 600 грамм мефедрон, 100 грамм альфа- PVP екені анықталды.

Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.