Елордада ер адам жалған чек көрсетіп көлікті жалға алған

Елордада жалған чек көрсетіп көлікті жалға алған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Астана қаласы ПД Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 38 жастағы қала тұрғынын анықтады.

Тергеу барысында ер адамның автокөлікті жалға берумен айналысатын ұйымнан ұзақ уақытқа көлікті жалға алғаны белгілі болды. Қаскүнем ай сайын төлем жасаған болып, Telegram қосымшасындағы чат боттар арқылы ақша аударымы туралы жалған чекті жасап, жәбірленушіге жолдап отырған. Осылайша жалпы 210 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ер адамның алаяқтықтың тағы бір фактісіне қатысы бары анықталды.

Астана қаласының полиция департаменті сауда саласының қызметкерлеріне сақ болуға және электрондық төлем чектерінің түпнұсқалығын мұқият тексеруге кеңес береді.