Тәжікстан азаматтарына діни мазмұндағы кітаптарды заңсыз әкелгені үшін 369 мың теңге айыппұл салынды , – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан қаласының әуежайына Әбу-Даби-Түркістан бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін тексеруден өту кезінде көлік полицейлері Тәжікстан Республикасының 53 және 68 жастағы азаматтарын анықтап, ұстады.
Тексеру барысында шетелдік азаматтардың әрқайсысынан 6 данадан діни мазмұндағы кітап табылып, тәркіленді.
Түркістан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырып, материалды сотқа жолдады.
Сот қаулысымен шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Дәл осыған ұқсас құқық бұзушылықты Атырау қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері де анықтады.
Бұл жолы Стамбұл-Атырау бағытындағы әуе рейсінің 45 жастағы жолаушысына да сот қаулысымен 50 АЕК айыппұл салынды. Ер адам 39 діни кітапты заңсыз әкелген.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңына сәйкес әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.