Екібастұз полицейлері көлік ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
11-12 қазан күндері Павлодар облысында “Көлікті айдап әкету” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара аясында Екібастұз қаласының полицейлері Астана қаласының 41 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті Екібастұз қаласының шетінде орналасқан зиратта қызметкерге тиесілі Ауди-80 автокөлігін еркін қол жеткізу жолымен айдап әкеткен. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.
Полицейлер көлік құралын ұрлатпау үшін келесідей ұсыныстар береді:
– Ең алдымен, кезекші бөлімге 102 нөмірі арқылы дереу хабарласу қажет. Бұл полицияға “ұстап алу” жоспарын жедел іске қосуға мүмкіндік береді, өйткені көлікті алғашқы бі рнеше сағат ішінде табу мүмкіндігі жоғары.
– “Ұстап алу” жоспары аясында көліктің деректері тек патрульдік полиция бекеттеріне ғана емес, барлық полиция бөлімшелеріне хабарланады. Көлік иесі өз құқығын растайтын құжаттарды көрсетуі тиіс.
– Көлікті табуға көмектесетін ерекшеліктерді нақты сипаттау маңызды: тіркеу нөмірі, сыртқы сипаты, бактағы бензин мөлшері, ұрлыққа қарсы құралдар, жүрген қашықтығы және салонда қалған жеке заттар секілді ерекшеліктерді көрсету қажет.
Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов көлік ұрлығына жол бермеу үшін осы қарапайым сақтық шараларын қолдануға кеңес береді.