Екібастұзда қос азаматтығы бар тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді, яғни шетелдік азамат бір мезгілде біздің еліміздің және басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды.
– Жыл басынан бастап Павлодар облысында ҚР азаматтығынан айырылған 463 адам тіркелді , оның 457-сі басқа мемлекеттің азаматтығы бар екендігі туралы өздігінен хабарлады, – деді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақов.
Басқа мемлекеттің азаматтығы бар адамдардың қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін 3 азамат анықталды, тағы 11 бұзушы белгіленген мерзімде басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды.
Мысалы, полиция Екібастұз қаласының тұрғынын анықтады, ол 2006 жылы біздің мемлекеттің азаматы бола тұра, көрші мемлекеттің азаматтығын алып, паспорт алған және бұл фактіні жасырып, қазақстандық құжаттарын пайдалануды жалғастырды. Осы бұзушылық үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды және оған 369200 теңге сомасында айыппұл салынды.