Екібастұзда сауда-ойын-сауық орталығында төбе опырылып, салдарынан кәмелетке толмаған үш бала зардап шеккен, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, медициналық көмекке жүгінген бес адамның арасында 2008 және 2009 жылы туған балалар болған.
“Зардап шеккендер түрлі жарақаттар алған, алайда ауруханаға жатқызуды қажет етпейді”, – деп нақтылады Екібастұз әкімдігі өкілі.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, зардап шеккендерге амбулаториялық ем тағайындалған.
ТЖД өкілі сауда орталығы болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін жабылғанын айтты. Аспалы төбенің бір бөлігі фуд-корт аймағындағы үшінші қабатта опырылған.
Айта кетейік, Екібастұз сауда-ойын-сауық орталығындағы төтенше жағдай 16 ақпанда кешке болған. Алдын ала мәліметтер бойынша төбе 150 шаршы метр аумаққа опырылған.