Грузияда сот қазақстандық журналист Жанбота Төлегенді өлтірген 50 жастағы Габриэль Хохобашвилиді 11 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы NeMolchi.kz қоры Instagram-парақшасында жазды.
Сот қылмыс квалификациясын өзгертіп, “пайдақорлық мақсатта кісі өлтіру” себебін дәлелденбегенін айтты. Іс прокуроры бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіретіні атап өтілді.
Сот құқықбұзушының өз кінәсін мойындауын мен балаларының болуын ескерді.
Бұған дейін қазақстандық журналисті Грузияда өлтіріп кеткенін жазған болатынбыз.
Кейін Грузияның ішкі істер министрлігі Жанбота Төлегеннің өлімі туралы мәлімет берді.
Тергеу нәтижесі бойынша қасақана кісі өлтірді деген күдікті ұсталған. Ол 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін делінген еді.
Тергеу мәліметтері бойынша, Сагареджо муниципалитетінде күдікті мен журналист арасында жанжал туған. Ол Жанболат Төлегенді доғал затпен ұрып өлтірген. Күдікті марқұммен бұрыннан таныс болған.
Ол қылмыстың іздерін жасыру үшін әйелдің денесін өзенге лақтырған.
Сондай-ақ былтыр шілде айында журналистің өлімі туралы жаңа деректер жарияланды. Онда Жанбота Төлегеннің өліміне күдікті Габриэль Хохобашвили 2015 жылдан бері қазақстандық журналистпен қарым-қатынаста болғаны, бірақ олардың бірге тұрмағаны белгілі болған еді.