БҚО-да полиция Telegram арқылы вейп сатуды ұйымдастырған тұрғынды ұстады

БҚО-да полиция қызметкерлері Telegram арқылы вейп сатуды ұйымдастырған тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

“Қарасора” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қаласының тұрғынын ұстады. Ол Telegram мессенджерінде интернет-дүкен арқылы сатуға тыйым салынған электрондық темекілерді заңсыз сатумен айналысқан.

Ол кәмелетке толмаған жасөспірімге электронды темекі сату кезінде ұсталды. Жасөспірім 6500 теңге төлеген.

Оның тұрғылықты жерін тінту барысында жүзге жуық бір реттік темекі, оны шегуге арналған 137  құрылғы мен сұйықтық табылып, тәркіленді.

Шекпейтін темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін (вейп), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сату және тарату фактісі бойынша Орал қалалық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізілуде.

Полиция қызметі азаматтарға Мемлекет басшысы шекпейтін темекі өнімдерін, вейптарды, хош иістер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салатын заңға қол қойғанын еске салады.

Шекпейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны және таратқаны үшін

2024 жылы 200 АЕК (738 400 теңгеге дейін) мөлшерінде айыппұл салынатын не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланатын болады.