Батыс Қазақстан облысының полицейлері 670 млн теңгеге жуық контрабандалық тауарды анықтады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері патрульдік полиция батальонымен бірлесіп Орал – Бузулук автожолында екі ауыр жүк көлігін тоқтатты.
Олардың бірінен 1348 қорап ірімшік өнімі табылды. Тауарды жалған жүкқұжат арқылы тұз ретінде тасымалдаған. Ірімшіктің құны шамамен 320 миллион теңгені құрайды. Екінші автокөлікте 1755 қорап акциздік маркалары жоқ MILANO маркалы темекі салынған қораптар табылып, тәркіленді. Бұл тауар жалған жүкқұжат бойынша құбырлар ретінде тасымалданған. Тәркіленген темекінің құны шамамен 350 млн теңгеден асады.
Күдіктілер контрабандалық тауарлармен мемлекеттік шекарадан өтпек болған. Тәркіленген тауардың болжамды жалпы сомасы 670 млн теңгені құрады.
Заң бұзушыларға айналымнан алып қойылған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.