Өткен жылы Павлодар облысының полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 392 қылмыстың жолын кесті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде 102 есірткі өткізу және 8 аса ірі мөлшерде сақтау деректері анықталды. Заңсыз айналымнан 450 килограммнан астам түрлі есірткі және психотроптық заттар тәркіленді.
Сондай-ақ синтетикалық есірткі мен психоактивті заттарды өндірумен айналысқан үш зертхананың қызметі тоқтатылды. Мәселен, Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі шығаратын зертхана анықталып, одан 20 байлам психотроптық зат тәркіленді.
Соңғы жылдары есірткі қылмысында ақпараттық технологиялардың қолданылуы артқан. Тек Павлодар облысының өзінде интернет арқылы жасырын қоймаларды ұйымдастырып, есірткі таратудың 66 фактісінің жолы кесілді.
Айталық Қазақстанның 10 өңірінде жұмыс істеген «SilkWay» интернет-дүкенінің қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында каннабис сығындысы мен гашиш майы қосылған 3500 капсула тәркіленді.
Полицейлер интернеттегі есірткі жарнамасы мен насихатына ерекше назар аударғанын атап өтті.
– «Киберқадағалау» жүйесінің көмегімен 140 заңсыз материалға қолжетімділік шектелді. Сондай-ақ OLX хабарландыру платформасының әкімшілігімен бірлесе отырып, 115-тен астам заңсыз жарияланым жойылды. Бұл материалдарды бірнеше мыңнан миллионға дейінгі қолданушылар, әсіресе балалар мен жасөспірімдер көрген болуы мүмкін. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде интернет арқылы есірткі таратуға кәмелетке толмағандарды тартудың үш фактісі анықталды, – деп мәлімдеді Павлодар облысының полиция департаменті.
Есірткі қылмысына қарсы күресте волонтерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор. Өткен жылы олардың қатысуымен 1,5 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Олардың қатарында есірткіні насихаттайтын граффити жазуларды жою бойынша акциялар бар.
Өңірде есірткіге қарсы күнделікті жұмыстар жалғасуда. Жаңа технологиялар енгізіліп, есірткі қаупі туралы ақпараттандыруға еріктілер мен спортшылар тартылуда. Азаматтарды нашақорлықтың салдарынан хабардар ету бойынша алдын алу шаралары белсенді жүзеге асырылып келеді.
Есірткі қылмысына тосқауыл қою – қоғам қауіпсіздігінің кепілі.