Ұлытау облысы әкімдігінің аппарат басшысы А.Жайлыбаевтың төрағалығымен өткен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған аймақтық ведомствоаралық штаб отырысында кешенді жоспарды іске асырудың негізгі аспектілері талқыланып, мемлекеттік органдарға тиісті тасырмалар берілді , – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлытау облысында жыл басынан бері 5 мың жасөспірім есірткі бойынша 55-тен астам алдын алу шарасына қатысқан.
– Бұдан басқа, есірткіні насихаттайтын граффити-жазуларды анықтау және бояу бойынша “Бірлік” еріктілерімен бірге өткізілген акцияларды атап өтуге болады. Боялған граффитилердің жалпы саны 145-тен асты, бұл көшелер мен қоғамдық орындарда есірткіні насихаттауға қарсы жүйелі жұмысты көрсетеді, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Оспанов.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ұлытау облысында 145-тен астам адам есірткіге тәуелді азаматтардың есебіне алынған. Оның басым бөлігі, яғни 134-і – ер адам, қалған 11-і – әйел. Жасөспірімдер жоқ.
Жыл басынан бері 15 есірткі қылмысы ашылды, оның алтауы есірткі өткізу дерегі бойынша тіркелген. Есiрткi, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзудың 3 дерегі анықталды. Нәтижесінде сақтау ережесі бұзылған 199 ампула морфин, 77 ампула трамадол, 20 ампула сибазон тәркіленді.
Биыл ұлытаулық сақшылар есірткіні жарнамалайтын 31 сайтты бұғаттады. Ғаламтор желісінің пайдаланушылардың көп екенін ескерсек, шамамен әр сайтты кемінде 1 мың адам қарайды. Яғни олардың арасында шынайы тұтынушылар да бар, олардың арасында әр затқа әуес жастарда жоқ емес.
Жалпы іс-шаралардың маңызы мен мақсаты – есірткісіз болашақ, жастарға саналы ғұмырын оқу-білімге, өсіп-өркендеуге арнауға бағыт-бағдар беру.