Ақтөбе облысында полиция жасырын есірткі қойып кетушіні қылмыс үстінде ұстады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Дәрмек” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Ақтау қаласының 25 жастағы тұрғынын есірткі қою кезінде ұстады. Ұсталған азаматты жеке тінту барысында одан ішіне ұнтақ зат салынған 23 орама тәркіленді. Әрі қарай жалдамалы пәтерді тінту кезінде ұнтақ заты бар 18 орама табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың салмағы 42 грамнан асатын пирролидиновалерофенон (альфа-PvP) синтетикалық есірткісі. Бұл 600-ге жуық бір реттік дозаны құрайды.
Есірткі заттарын заңсыз сатып алу және сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық заңнамада есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны, тасымалдағаны, жөнелткені не өткізгені үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген.