Ақтөбеде полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 100-ден астам шетелдікті анықтады

Ақтөбеде полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 100-ден астам шетелдікті анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс аумағында 2024 жылғы 14-18 қазан аралығында өткізілген республикалық “Заңсыз келуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақтөбе облысының тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзған 100-ден астам шетелдіктерді анықтады. Сонымен қатар шетелдіктерді қабылдау және шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережелерін бұзған Қазақстан азаматтары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Елімізде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу, облыс аумағында шетел азаматтарының заңсыз жұмыс жасау деректерін жоюды көздейтін іс-шара аясында полиция қызметкерлері бір жылдан астам уақыттан бері өз елінде мемлекетаралық іздеуде жүрген шетел азаматын ұстады. Қазіргі таңда аталған шетелдік уақытша қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, “Заңсыз келуші” іс-шарасы аясында облыс аумағында заңсыз еңбекке пайдалану, заңсыз жұмыс күшін тарту фактілерін анықтау үшін учаскелік полиция инспекторлары саяжай алқаптарын, шаруа және фермер қожалықтарын, қыстақтарды тексеруді де ауқымды жүзеге асырды.