Ақтөбеде жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды

Ақтөбеде жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында Ақтөбе қаласының көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған Chevrolet автокөлігінің жүргізушісі анықталды.

Әбілқайыр хан даңғылында жүргізуші ережелерді елемей, қарсы жолаққа шығып, басқа жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндірді. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. 20 жастағы жүргізушіге қатысты хаттама толтырылды және оның көлігі арнайы автотұраққа қойылды.

Егер жүргізуші қарсы қозғалысқа арналған жолдың жүру бөлігінің жағына шығып, ереже бұзса, алты ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады. Полиция департаменті жаңа технологиялардың арқасында барлық құқық бұзушы жедел анықталып, жауапқа тартылатынын еске салды.