Ақтауда есірткі жарнамасы бар 645 граффити өшірілді

Маңғыстауда полиция 400-ге жуық есірткі құқық бұзушылығының жолын кесті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Есірткі қылмысы – ғасыр дерті. Онымен күресу – еліміздегі басты мәселелердің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы да 2022 жылғы Жолдауында нақты тапсырмалар берген болатын. Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жыл басынан бері 386 есірткі құқық бұзушылығының жолын кесті. 87 қылмыстық іс тіркеліп, 90 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 10 ай ішінде заңсыз айналымнан 111 келіден астам есірткі тәркіленді.  Есірткімен күресті күшейту, қылмыстың алдын алу бағытында 656 профилактикалық іс-шара өткізіліп, Ақтау қаласында 645 граффити-жазу өшірілді.  Бұдан бөлек, есірткі заттарын жарнамалау, сатумен айналысатын 506 интернет-сайт бұғатталды.

Заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғамды бірге қалыптастыру үшін әрбір қазақстандық бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс.