Браконьерлікті анықтау, жолын кесу мақсатында 20 қазан мен 19 қараша аралығында облыс аумағында “Заңсыз аң аулау” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі күн ішінде облыс аумағында полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 35 фактісін анықтады, оның ішінде 25-і – аң аулау және 10-ы – балық аулау ережесі.
Осы жылдың 22 қазанында Бұланды аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 37 жастағы жүргізушінің басқаруындағы ВАЗ-21214 көлігін тоқтатты. Автокөліктің жүксалғышын тексеру кезінде полицейлер бір мылтық, пышақ, сондай-ақ еліктердің бөліктелген ұшасын тапты, бұл ретте ер адамда тек бір жануарды атуға рұқсаттары болған.
Осы факті бойынша сараптама тағайындалды, сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция өңір қонақтары мен тұрғындарын табиғат қорғау заңнамасын бұзбауға шақырады.