Ақмола облысында заңсыз жұмыс істеген мигранттар анықталды

Ақмола облысында заңсыз жұмыс істеген мигранттар анықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

31 шілде мен 2 тамыз аралығында Ақмола облысында көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған “Мигрант” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Көші-қон қызметі қызметкерлерінен басқа, ЖПІШ-ге учаскелік полиция инспекторлары жұмылдырылған.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында базарларда, құрылыс объектілерінде, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тексерулер жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде ЖШС-нің бірінде Ерейментау ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері жұмысқа орналасуға рұқсаты жоқ 5 шетелдік азаматты анықтады.

Жұмысқа рұқсатты бұзушылардың айтуынша, олар кейінірек рәсімдемек болған. Қазіргі уақытта жиналған материалдар әкімшілік сотқа берілді. Құқық бұзушыларға айыппұл салынады.

Сондай-ақ шетелдіктерді тиісті рұқсатсыз еңбек қызметіне заңсыз тартқаны үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік азаматтардың уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметіне тыйым салынғанын еске салады.