Атырауда тұрғынның көлігінен 70 келі бекіре балығы тәркіленді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырау облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен бірге “Бекіре – 2024” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қала аумағында күдік тудырған Toyota Camry автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында автокөлік салонынан 5 полиэтиленді пакетке салынған салмағы 70 келі болатын 23 бекіре тұқымдас балық өнімі тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Айта кетейік, “Бекіре – 2024” іс-шарасы басталғалы азаматтардан 900 келіге жуық заңсыз ауланған балық өнімі тәркіленді.