Атырауда полиция бағытынан адасқан шетелдіктерге жол көрсетті

Атырауда полиция бағытынан адасқан шетелдіктерге жол көрсетті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Атырау облысы Құлсары қаласында патрульдік полиция инспекторлары қызмет барысында шетелдік автокөлікті тоқтатып, Қытай халық республикасының азаматтарын анықтады.

Туристік сапарда жүрген шетелдіктер Қазақстан елін аралап, Өзбекстан жеріне өтпек болып, жол таба алмай жүргендерін айтқан. Полиция қызметкерлері Мәди Нариков пен Абдурахман Сансызбаев шетелдік азаматтарға көмектесіп, көршілес Өзбекстан еліне апаратын тас жолға дейін бағыттап, шығарып салған. Шетелдік азаматтар полиция қызметкерлерінің көрсеткен көмегіне алғыс айтып, шынайы ризашылықтарын білдірді.

Полиция инспекторы Мәди Нариков бұл күннің ерекше өткенін атап өтті. Ол Құлсары қаласының тас жолында бір күннің ішінде осындай жағдай екі рет орын алды дейді. Мәселен, сол күні жол бойында жаяу Сауд Арабиясындағы Мекке қаласына қажылыққа жету үшін Өзбекстан азаматын кездестіріп, қолдау көрсеткен. Полицей өзінің әрдайым көмектесуге дайын екендігін жеткізді.

Сондай ақ Атырау облысы Жылыой ауданының полиция қызметкері тас жол бойында велосипедіне өз елінің туын іліп, сөмке асынған бірнеше жолаушыға жол көрсеткен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жолаушылар көбіне Өзбекстан Республикасынан Шымкент қаласындағы шекара арқылы өтіп, Атырау қаласынан Ақтау қаласына бағыт алатындығын айтады. Қызметкерлер өз кезегінде жолаушыларға көмегін ұсынып, жол көрсетіп, азық-түлік және қаражатпен қамтамасыз еткен.