Астана полицейлері миллиондаған қарызы бар борышкер жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Toyota Camry автокөлігі жүргізушісінің 16,5 миллион теңге көлемінде берешегі бар. Борышкердің орналасқан жерін анықтау үшін жедел басқару орталығының қызметкерлері патрульдік полицияның жеке құрамын бағыттады.
Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде патрульдік жасақтар Toyota Camry автомашинасын Қабанбай батыр даңғылында тоқтатты. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды, жүргізуші қарызды төлеу қажеттілігі туралы ескертілді.
Елорда аумағында 29-31 шілде аралығында “Құқықтық тәртіп” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
“Құқықтық тәртіп” профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері елорда аумағында 70-тен астам қылмыс тіркелді, оның ішінде кезекші тәулікте 48 қылмыс ашылды. Бұрын жасалған 40-тан астам қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 5 қылмыскер ұсталды.
Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде полицейлер 2,5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішудің немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болудың 266 фактісі, тыныштықты бұзудың 200-ден астам фактісі анықталды.
Түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда болған 100 жасөспірім анықталды.