Астанада полицейлер ГАЗель көлігі салонынан жасалған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ГАЗель автокөлігінің жүргізушісі Байқоңыр аудандық полиция бөліміне арыз жазып, көлік салонынан ұялы телефондар ұрланғанын хабарлаған.
Бақылау камераларын қарау кезінде жедел уәкілдер жүргізушілер жоқ кезде белгісіз ер адам көліктің есіктерінің ашық тұрғанын пайдаланып, салонға кіріп, Samsung Galaxy A23 және iPhone 7 телефондарын ұрлап кеткенін анықтаған.
Бірден жедел іздестіру шараларын ұйымдастыру барысында полицейлер ұрлық жасаған тұлғаны ұстаған. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасаған 42 жастағы қала тұрғыны болып шыққан.
Күдікті ұрланған телефондарды белгісіз біреулерге сатып жібергені де белгілі болған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елордада осыған ұқсас қылмыстарды жасауға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Астана қалалық ПД көлік иелеріне ұрлықты болдырмау және оны алдын алу үшін көліктерін қараусыз қалдырмауды, оларды ұрлыққа қарсы қажетті құралдармен жабдықтауды ұсынады. Көлік құралын қалдырған кезде өзіңізбен бірге салондағы барлық құнды заттарды алып, кетер алдында көліктің есіктері жабылғандығына көз жеткізіңіз.