Астанада есірткіні жасырын қойып кетуші анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елордалық полицейлер “Дәрмек” ЖПІШ өткізу барысында есірткі затын сақтауға және өткізге қатысы бар ер адамды анықтады. Жедел басқару орталығының операторы күндізгі уақытта қала сыртына шығып бара жатқан автокөлікті байқаған, аталған көлік жүргізушісі көлігінен шығып, күмән тудыратындай әрекет жасаған. Оқиға болған орынға патрульдік полиция полкінің экипажы жіберілген. Полиция қызметкерлері есірткіні жасырын қойып кеткен қала тұрғынының басқаруындағы автокөлікті тоқтатқан.
Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында сол маңайдан ақ-сарғыш түсті ұнтақ тәрізді заттары бар 67 полиэтилен ораманы анықтап, тәркіледі. Тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу барысында “мефедрон”, “альфа PVP”, “гашиш”, “канабис майы” сияқты жалпы салмағы 2,5 келіден асатын есірткі мен 3 дана электрондық таразы табылып, тәркіленген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, ер адам Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Елордада жыл басынан бері камералар көмегімен 423 қылмыс ашып, 4292 әкімшілік құқық бұзушылықтықты анықтады. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында цифрлық инновацияларды енгізу және дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.