Астанада ер адам бұрынғы жұмыс орнынан ұрлық жасаған

Астанада полиция қызметкерлері бұрынғы жұмыс орнынан ойын приставкаларын ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

“Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы барысында Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері компьютерлік клубта ұрлық жасады деген күдікпен 27 жастағы қала тұрғынын ұстады.

Тергеу барысында ер адамның аталған клубта бұрын жұмыс істегені анықталды. Түнгі уақытта мекемедегі вип-бөлмеде бейнебақылау камерасының істемейтінін білген қаскүнем екі Sony PlayStation 5 приставкасын алып кетіп, ломбардқа өткізіп жіберген. Келтірілген материалдық шығын – 550 мың теңге.

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жігіт қылмысын мойындады, заттай дәлелдемелер тәркіленді. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталады.

Еске сала кетейік, елорда аумағында 16 қыркүйек пен 1 қараша аралығында “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара басталғалы учаскелік полиция инспекторлары 72 мыңнан астам тұрғын үй алабын аралады, оның ішінде 63 мыңнан астам пәтер мен 9 мыңнан астам жеке үй тексерілді, ІІО-да есепте тұрған 6700-ден астам адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді, 6 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 258 кәмелетке толмаған ұсталды, 4600-ден астам азаматтық қару иелері тексерілді.