Астанада гүл сататын дүкеннің әйнегін сындырып ұрлық жасаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғандай, ер адам түнгі сағат 02.00 шамасында Сауран көшесінде кетіп бара жатып, жолдың бойындағы гүл сататын дүкенге көзі түседі. Қылмыстық оймен дүкен терезесінің әйнегін таспен сындырып ішке кірген қаскүнем ең бірінші кассаға барады. Алайда ешқандай ақша таба алмай, ол жан-жағындағы гүлдерді құлатып, қолына іліккен екі жұмсақ ойыншықты алып кетеді.
Жалпы келтірілген материалдық шығын 100 мың теңгеге бағаланып отыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Астана қаласы полиция департаменті сауда нүктелерінің иелеріне сақ болуды, дүкендерді ұрлықтан сақтау бойынша қосымша шаралар кешенін жүзеге асыруды қатаң түрде ескертеді.