Алматы облысында мал иесіне 12 млн теңге шығын келтірген барымташы сотталды

Алматы облысында мал иесіне 12 млн теңге шығын келтірген барымташы сотталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жамбыл аудандық соты жергілікті тұрғыннан 30 бас жылқыны ұрлаған барымташыға қатысты үкім шығарды.

2023 жылдың қыркүйек айында Жамбыл аудандық полиция бөліміне 30 бас жылқының жоғалғаны туралы жергілікті тұрғын арызданды. Қылмыстың “ізін суытпай” ашу мүмкіндігі болмады, себебі жәбірленуші полицияға малдарын өз бетінше іздеуден үмітін үзген соң бір аптадан кейін ғана жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрланған жылқылар Жамбыл облысының Меркі ауданында екендігі туралы ақпарат келіп түсті.

– Келіп түскен ақпарат бойынша бірқатар тексеру жұмыстары жүргізілді, іс-шара барысында ұрланған жылқыларды сатып алушы анықталып, ол арқылы мал ұрлаған кісіге шықты. Мән-жайларды анықтаған кезде барымташының малдарды бірнеше күн бақылағаны анықталды. Иелерінің немқұрайлылығына көз жеткізгеннен кейін, түнде шабуылдаушы жануарларды еркін жайылымнан көрші ауданға алып кетіп, алдын ала дайындалған жерге жасырды. Осыдан кейін ол жүк тасымалдаушыларды жалдап, олардың көмегімен малды  көрші Жамбыл облысына тасымалдаған, – деп атап өтті Жамбыл АПБ бастығының орынбасары Бейбіт Байзиханов.

Жалпы келтірілген шығын 12 миллион теңгеден асты. Мал ұрлығын жасаған  азамат кінәлі деп танылып, 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Барлық мал иелерін өздерінің тірі мүлкіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Есіңізде болсын, сіздің малдарыңыздың қауіпсіздігі тек сіздің ұқыпты көзқарасыңызға және жануарларды ұстау мен бағу ережелерін сақтауға байланысты, – деп толықтырды Б. Байзиханов.