Алматы облысында биыл үш мыңға жуық жол-көлік оқиғасы болды

Алматы облысында биыл үш мыңға жуық жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Осы жылдың басынан бері жолдарда 2 829 жол-көлік оқиғасы тіркелді, олардың салдарынан 112 адам қаза тапты. Мыңнан астам адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Әсіресе, балалар өлімі мен жарақаттануы туралы деректер ерекше алаңдаушылық тудырады: 1 022 бала жарақат алып, 47 бала қаза тапты.

– ЖКО-ның негізгі себептері өзгеріссіз қалуда – бұл жүргізушілердің тәртіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы, жылдамдық режимін сақтамауы, зейінсіздігі және агрессивті көлік жүргізуі. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің жол ережелерін өрескел бұзуы да қайғылы салдарға жиі әкеледі, – деді полиция қызметкерлері.

Бұл көрсеткіштер – жол қозғалысына қатысушылардың барлығына ескерту болып табылады. Осы қайғылы оқиғалардың әрқайсысы қарапайым ережелерді сақтау арқылы алдын алуға мүмкін еді.

– Полиция қызметкерлері жүргізушілерді тағы да сақ болып, жол ережесін сақтауға шақырады. Өз қауіпсіздігіңізді қадағалап қана қоймай, басқа жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін де ескеру маңызды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолды рұқсат етілген жерлерден ғана кесіп өтіп, бағдаршамға бағыну керектігін ескертеді, – деп атап өтті ведомствода.