Алматыда “суретшілер” жерасты өткелдерінде есірткі жарнамасын салған

Алматыда полиция жерасты өткелдерінде есірткі жарнамасын салған “суретшілерді” ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласы Әуезов ауданының тәртіп сақшылары анықтағандай, жастар түнгі уақытта әрекет еткен. О лар кең көлемді платформаларды, көбінесе өткелдердегі бетон қабырғаларды пайдаланды. Күдіктілер ұсталып, прокуратураның үйлестіруімен қамауға алынды. Есірткілерді насихаттау және жарнамалау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

– Күдіктілердің бірі – 18 жаста, екіншісі – 22 жаста. Екеуі де басқа жақтан келгендер, Алматыда тұрақты жұмысы жоқ. Ұсталғандардың айтуынша, олар “оңай ақша табуды” интернеттен тапқан. Олардың “жұмыс берушілері” міндетті түрде анықталып, жауапқа тартылатын болады, – дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.

Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының айтуынша, жыл басынан бері полицейлер 37 есірткі сатушыны ұстады.  Есірткі сатуды насихаттаған 451 интернет-ресурс бұғатталды.