Алматыда пәтер ұрлығымен айналысқан топ ұсталды

Алматыда пәтер ұрлығымен айналысқан топ ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл жолы арнайы іс-шара барысында полицейлер төрт адамды ұстады: үш ұры мен бір ұрланған затты сатып алушы.  Криминалдық полицияның мәліметінше, бұл топтың кем дегенде 4 пәтер ұрлығына қатысы бар.

– Бір қызығы, қаскөйлер қала тұрғындарының көпшілігі жұмыста, мектепте немесе іссапарда болатын уақытта ұрлық жасаған. Оның үстіне үштік көпқабатты үйлердің пәтерлерін тонаған. Белгілі болғандай, олар камерадан да тартынбаған: бірнеше қылмыстық эпизод бейнебақылау жүйесі арқылы жазылып қалған. Күдіктілер Ақбұлақ ықшамауданында болған ұрлықтан кейін ұсталды. Сол кезде қаскөйлер бөтеннің құны 1,5 миллион теңгеден асатын мүлкін ұрлаған, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Қуатбек Науатов.

Ұсталғандар қамауға алынды.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.  ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.