Алматыда “Киберпол” қызметкерлері жалдамалы алаяқтарды ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Анықталғандай, екі жас жігіт алаяқтардың қылмыстық жолмен тапқан ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен. Ақшалай сыйақы үшін олар өздерінің банк карталарын және жеке мобильді банк шоттарын қаскөйлерге берген.
– Жәбірленушілердің бірі алаяқтық жолмен 20 миллион теңгені жоғалтып алған. Жоғарыда аталған күдіктілердің карточкалары арқылы алаяқтар ақшаға айналдырған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ең алдымен жалдамалы алаяқтар анықталды және ұсталды. Олар қамауға алынды. Алаяқтыққа қатысқаны үшін 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылғанын атап өткім келеді, – деді, Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Қанапяев.
Сонымен қатар Алматы полициясы тұрғындарға қырағылық пен сақтық шараларын еске салады. Жеке немесе қаржылық ақпаратыңызды ешкімге айтпаңыз. Күдікті қоңырауларға жауап бермеңіз және осындай деректер туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Пайдалану үшін банк карталарын, деректемелерін, мобильді банкинг құпия сөздерін үшінші адамдарға бермеңіз. Егер сіз ақшаның қайдан шыққанын және жіберушіні білмесеңіз, банк картасына ақшаны қабылдамаңыз.