Алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкер сотталды

Сот үкімімен кәмелетке толмаған ұлы мен қызын асырау үшін алимент төлеу міндетін орындамаған борышкер сот үкімімен 1 жылға бас бостандығынан шектеу түріндегі қылмыстық жазаға тартылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Бас прокруратураға сілтеме жасап.

Оның алимент берешегі 5,4 миллион теңгеден асып, балалары іс жүзінде күнкөріссіз қалған.

Прокуратураның актісінің негізінде полиция оның үстінен Қылмыстық кодекстің 139-бабымен (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) қылмыстық іс қозғап, сотқа жіберді.

Сонымен қатар өткен кезеңде прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 47 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 5 борышкерге қатысты үкімдер шығарылды, жазалар тағайындалды, 52 млн. теңгеге алимент берешегі өндірілді.

Қала прокуратурасы алимент төлемегені үшін әкімшілік және 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауптылық қарастырылғанын ескертеді.

Балаларға қамқорлық жасау – ата-ананың етене міндеті!