Қызылорда колониясына сүйек майына жасырылған есірткі заттарын өткізбекші болған

Қызылорда колониясына сүйек майына жасырылған есірткі заттарын өткізбекші болған, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №60 (қауіпсіздігі аралас) мекемесіндегі сотталғанға әйел адам есірткіні сүйекке жасырып беруге тырысқан. Азық-түлік салынған сөмкені мекемеге сотталған адамның танысы алып келген. Тексеру барысында арнайы құрылғы арқылы азық-түліктің ішіндегі заттардың күмәнді түсі байқалған. Сүйекті ашып тексерген кезде, тексеру тобының қызметкерлері оның ішінен түйіншектерді тапқан.

Жедел-тергеу тобы шақырылып, табылған зат сараптамаға жіберілді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың салмағы 129,9 грамм кептірілген марихуана болып шықты.

– Сотталғандармен және олардың туыстарымен көптеген ескертулер мен түсіндірме жұмысы жүргізілгеніне қарамастан, колонияға тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет ету әлі де орын алуда. Аталған жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деп мәлімдеді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Жәнібек Зиябеков.

Айта кету керек, сәлемдеме жіберілген сотталған адам қарақшылық үшін жазасын өтеп жатыр.