Қарағанды облысында есірткі тасымалдаушылардан тәркіленген 200 келіден астам есірткі жойылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы және Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен Алматы – Екатеринбург тасжолының бойында аса ірі көлемде есірткі тасымалдады деген күдікпен 37 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөлік тоқтатылған. Көлікте 40 жастағы жолаушы болған. Көлікке жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында полиция қызметкерлері ұнтақ тәрізді заттары бар пакет және 11 пакет ерігіш заттарды тәркілеген болатын.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар 100 келі гашиш және 125 келі марихуана есірткі заты екені анықталды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, ұсталған азаматтарға қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды. Тәркіленген есірткі заттарының үлгілері іріктеп алынған соң тәртіп сақшылары өртеп жіберді.