Жетісай ауданының білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруда. Білім бөлімі басшылығы мен есепшілерді қоса есептегенде 41 адам күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, қылмыстық әрекеттер 2021-2023 жылдар аралығында жасалған.
“Тергеу барысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен есепшілері өздерінің, сондай-ақ туыстары мен таныстарының есеп шоттарына белгіленген жалақыдан жоғары ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жасағаны анықталды. 2021-2023 жылдар аралығында мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келтірілген”.Түркістан облыстық прокуратурасы
Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 41 қызметкерді, оның ішінде екі білім бөлімінің басшысын, бір бас есепші, екі орынбасарды және 36 есепшіні күдікті ретінде таныды.
“Ауданның бұрынғы және қазіргі білім бөлімінің басшылары ұстау изоляторына жабылып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайлары мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпараттар ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес жариялануға жатпайды”, делінген ведомство хабарламасында.