СҚО-да полицейлер жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектесті, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
СҚО-да МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі қиын жағдайда өзіне көмектескен полицейлерге, жол тазалаушыларға және алыс жолға өзі сияқты жүк тасымалдайтын жүргізушіге алғысын білдірді. Көкшетау қаласының 42 жастағы тұрғыны Қостанай қаласынан жүксіз келе жатып Екатеринбург — Алматы автожолының 778-ші шақырымында рөлге ие бола алмай жолдың жанындағы омбы қарға түсіп кеткен. Оны полицейлер жол үстін патрульдеу барысында байқап қалған.
Тәртіп сақшылары дереу ДЭУ-66 мекемесіне және бір бағытта кетіп бара жатқан ауыр жүк көлігінің жүргізушісіне жүгініп, көмек ұйымдастырды. Барлығы қосылып МАЗ-ды жол үстіне сүйреп шығарды. Ал Челябинск – Новосибирск автожолының 475-ші шақарымында Петропавлдан Ресейдің Челябинск қаласына бара жатқан DAF жүк көлігі жолдан шығып кеткен. Оны да полицейлер көріп қалды. Олардың өтініші бойынша үлкен жүк көлігін алып шығу үшін “Казстройтехник” ЖШС арнайы техника ұсынды. Ауа райының құбылмалы кезеңі келуіне байланысты полицейлер жүргізушілерге бірқатар кеңестер берді: мұз бен көктайғақ пайда болуы мүмкін екенін есте сақтау қажет, жолдың күрделі учаскелерінде жылдамдықты төмендету керек, барынша мұқият болып, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтаған абзал.