Серіктестікке серпін берген – сапар

Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш бір-біріне ресми делегация мү­шелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Че­хия­ның әнұрандары орындалды.

Одан кейін Қазақстан Президенті мен Чехия Пре­мьер-министрі келіссөз өтетін залға барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Бабишке іл­типат білдіріп, Қазақстан жұртшылығы оны Чех Республикасында ғана емес, Еуропаға белгілі сая­си қайраткер ретінде жақсы білетінін жет­кіз­ді.

– Екі ел арасында бұрыннан тығыз әрі дос­тық қарым-қатынас орнаған. Сауда-саттық та­­­бысты дамуда. Қос халықтың бір-біріне құр­меті зор. Ірі халықаралық құрылымдар шең­бе­рін­де бірлесе әрекет етіп келеміз. Бұл – өте маңыз­ды. Елшіліктеріміз белсенді жұмыс істеп тұр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Өзіңізбен бір­ге чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен де­ле­гация алып келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Ке­ше Астанада бизнес-форум өтті. Оның нә­тижесі елдерімізге пайдалы болады деп ой­лай­мын. Өз тарапымнан сан қырлы ынты­мақ­тас­тығымызды одан әрі дамытуға бар күшімді са­ла­мын, – деді Президент.

Андрей Бабиш қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын біл­­діріп, еліміздің түрлі салада жеткен жетіс­тік­те­ріне жоғары баға берді.

– Қазақстан – Орталық Азиядағы аса маңыз­ды мемлекет. Сондықтан осынау ғажап елге са­пармен келу – мен үшін зор мәртебе. Жақында жаңа Конституция қабылдадыңыздар. Құтты бол­сын! Сіздердің бұл бағыттағы тә­жіри­белеріңіз біз­ге де пайдалы болады деп есеп­теймін. Қа­зақ­стан­ға келу көптен бергі арманым еді. Өйткені мен университетті аяқтағаннан кейін, яғни 1978 жы­лы Шымкент және Жам­был (Тараз) қала­лары­мен өзара байланыс ор­нат­қан депар­та­мент­те жұмыс істедім. Қазақстан – энер­гетика са­ласында аса үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Бүгінде атом электр стан­цияларының маңызы арта түсті. Сол себепті осы салада келісімге кел­ге­німізге қуаныш­ты­мын. Қазақстанның жасан­ды интеллект бағы­тын­дағы жетістіктері таңға­лар­лық. Екі елге ортақ дүние көп. Чехия мен Қа­зақстан үкімет­тері өзара ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін аянбай еңбек етеді деп ой­лаймын, – деді ол.

Екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен ке­­­­ліссөз барысында Президент өзара ықпал­дас­тық­ты одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екеніне тоқ­талды.

– Екіжақты саяси ынтымақтастық пен эко­но­ми­калық қарым-қатынастың болашағы зор деп са­наймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ха­лық­аралық ұйым­дар аясындағы миссия­лары­мыз тығыз жұмыс іс­теп, диалогты тұрақ­ты түрде сақ­тап келеді. Көп­те­ген бағыт бойын­ша байла­ныс­тарымызды дамы­ту­ға мүмкіндік жеткілікті, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның сын­дар­лы әрі прагматикалық сыртқы саясатына жо­ғары баға берді. Президенттің айтуынша, екі ел ара­сындағы сая­си диалог сан қырлы се­ріктестікке қо­лайлы жағ­дай жасайды. Пар­ламентаралық ықпалдастық қар­қынды да­мып келеді.

Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Еу­ро­па Одағындағы негізгі сауда серіктес­терінің бірі еке­ніне назар аударды.

– Тауар айналымының динамикасы көңіл көн­ші­терліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-эко­номикалық байланыстарды кеңейтуге ниет­ті­міз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұ­мыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маң­дайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс са­ласындағы сенімді әріп­тес­теріміз бар. Бірлес­кен жобаларды жүзеге асыруға мүм­кіндік мол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Андрей Бабиш бүгінгі са­­­­пар екі­жақты қарым-қатынастың жаңа ке­зеңіне жол аша­тынын айтты.

– Біз Қазақстанды стратегиялық се­рік­тес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің ар­қасында екіжақты тауар айналымының кө­лемін арттырамыз деп сенемін. Ең ал­ды­мен, энергетика саласындағы ықпал­дас­тықты нығайтқымыз келеді. Сіздің ел­ден ұзақмерзімді мұнай тасымалына мүд­деліміз. Энергетика саласын дамыту ст­ратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлем­де­гі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз, – деді Чехия Премьер-министрі.

Чех Үкіметінің басшысы Қазақстан­ның энергетикалық қауіпсіздігі қуат өн­дірудің әртараптандырылған тәсіліне не­гізделгеніне мән берді. Сондай-ақ ол чех компанияларының аталған салада бір­­­­лескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.

Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаев­ты жаңа Конституция қабылдау бойынша референдумның табысты өтуімен құт­тық­тап, бұған мемлекеттілікті нығайта­тын және елді жарқын болашаққа жете­лей­тін маңызды қадам ретінде баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Ба­­биш өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энер­гия­­сы, көлік-логистика, қорғаныс өнер­кә­­сібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Әңгімелесу барысында екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынас тек экономикамен шек­телмейтіні, ортақ тарихи оқиғалар мен мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тар­ға негізделетіні жайында айтылды.

Мемлекет басшысы қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жер­сіндіруді көздейтін бірегей жобаға атса­лысқаны үшін чехиялық әріптестеріне ри­зашылығын білдірді. Президент Өңір­лік экологиялық саммитте бұл бастаманы еліміздің биоалуантүрлілікті сақтау сала­сында жеткен жетістіктерінің бірі ретінде атаған болатын.

Премьер-министр Қазақстан азамат­тарына виза режимін жеңілдету мәселе­сіне Чехияның екіжақты деңгейде және Е­уропа Одағы аясында ықпал етуге ниет­ті екенін жеткізді.

Келіссөз қорытындысы бойынша та­рап­тар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағ­даластықтарды нақты іске асыру үшін жо­балар тізімін әзірлейді.

Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаев­ты өзіне ыңғайлы уақытта Чехияға са­пар­мен келуге шақырды. Мемлекет бас­шысы бұл ұсынысты ықыласпен қа­был алды.

Берік достықтың жарқын символы

Президент Чехия Премьер-министрін І дә­режелі «Достық» орденімен мара­пат­та­ды. Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Ба­­­­­­биш­ке бұл мемлекеттік награда Чехия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық се­ріктестікті нығайтуға қосқан елеулі үле­сі үшін табысталғанын айтты. 

– Сіз Қазақстанның сенімді досы әрі ха­лықаралық деңгейдегі көрнекті мем­ле­кет қайраткерісіз. Екіжақты қарым-қа­ты­насты табысты дамытуға бағыт­тал­ған сын­дарлы ұстанымыңызды жоғары баға­лай­мын. Сіз өзара ықпалдастықты ілге­рі­лету жолында аянбай еңбек етіп келесіз, сол себепті байланыстарымыздың келе­ше­гіне сеніммен қараймыз. Елдеріміз ара­сындағы саяси, сауда-экономикалық жә­не мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тас­тықты дамытуға зор үлес қосқаныңыз үшін Сізге І дәрежелі «Достық» орденін та­быстау туралы шешім қабылдадым. Бұл жо­ғары марапат қазақ-чех берік дос­тығының жарқын символына айналады. Серіктестігіміз болашақта да жанданып, нығая беретініне сенімдімін, – деді Пре­зи­­дент.

Андрей Бабиш жоғары мемлекеттік наградамен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

– Екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тық­тың нәтижелі дамып келе жатқанына шы­найы қуаныштымын. Саяси диало­гы­­мыз ашық әрі сындарлы сипатқа ие. Ха­лықаралық аренадағы ықпалдас­тығы­мыз тұрақтылыққа, бейбітшілік пен се­рік­тестікке бейіл екенімізді көр­се­теді. Чех Республикасы Қазақстанның әлем­­дік аренадағы сенімді әріптесі еке­нін мақ­тан тұтады. Президент мыр­за, осы жо­ғары марапатқа лайық көр­ге­ніңіз жә­не халықаралық серіктестік пен диалогты ны­ғайтуға зор үлес қосқа­ныңыз үшін ал­­ғыс айтамын. Алдағы уақытта да ха­лық­тарымыз арасындағы дос­тықты те­рең­дету, әлемде тұрақтылық ор­нату жо­лын­да қызмет ете береміз деп сенемін, – деді Чехия Премьер-министрі.