Парламентаралық ықпалдастық арта бермек

Кездесу барысында палата Спикері меймандарға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Франция арасындағы сындарлы әрі стратегиялық байланысқа жоғары баға берді. Сондай-ақ ол Франция Қазақ­стан­ның Еуропалық Одақтағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айтты. Мәулен Әшім­баев екі мемлекет арасында, ең алды­мен, жоғары деңгейде тұрақты саяси диа­лог жолға қойылғанын да ерекше атап өтті.

«Қазақстан мен Франция екіжақты ын­тымақтастықтың барлық бағыты бойын­ша берік байланыс орнатып, нақ­ты нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл – ең ал­дымен, жоғары деңгейдегі сындарлы сая­си диалогтың нәтижесі. Кейінгі үш жыл­да жоғары деңгейде маңызды сапар­лар ұйымдастырылды. Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Фран­цияға ресми және мемле­кет­тік сапар­мен екі рет барды. Франция Пре­зи­денті Эмманюэль Макрон 2023 жылы Қазақстанға ресми сапармен келді. Сол кез­десулердің нәтижесінде екіжақты қа­тынастар берік стратегиялық серіктес­тік деңгейіне көтерілді. Осы орайда Сіз­дің бұл сапарыңыздың да маңызы жо­ғары. Біз Қазақстан мен Франция ара­сын­дағы парламентаралық байланысты одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», – деп, Сенат Төра­­­ғасы заң шығарушы органдар ара­сын­дағы байланысты жандандыру мәсе­ле­сі жөнінде сөз қозғады.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев елі­міздегі әлеуметтік-экономикалық, сая­­си жаңғыру үдерістеріне және рес­пуб­ли­ка­лық референдумның қорытынды­сына назар аударды. Соның аясында жаңа Конституцияның қабылдануы сая­си жүйені жаңғыртудың және құқық­тық мемлекетті нығайтудың маңызды кезеңі екеніне баса мән берілді.

Өз кезегінде Валери Буайе парла­мен­таралық ықпалдастықты арттырудың маңы­зы жөнінде айта келе, Қазақстан мен Франция арасындағы ынты­мақ­тас­тықты одан әрі нығайтуға мүдделі еке­нін тілге тиек етті.

Сұхбат барысында тараптар парла­мен­таралық байланыстарды дамыту перс­пективалары жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, достық топтары және Еу­ропа Кеңесінің Парламенттік Ассам­блея­сы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясы аясындағы өзара іс-қимыл мәсе­ле­лері сөз болды. Сондай-ақ сауда-эко­но­микалық және инвестициялық серік­тестікті, білім беру, өнеркәсіп, денсаулық сақ­тау, ауыл шаруашылығы сияқты са­ла­лардағы ынтымақтастықты кеңейту тетіктері назарға алынды.

Бұдан басқа, Сенат Төрағасы климат жә­не су мәселелеріне қатысты күн тәртібі аясындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ жасыл экономика мен атом энерге­ти­касы салаларындағы серіктестіктің маңы­зы туралы пікірін бөлісті.