Нью-Йорк жастары арасында жексенбілік құлшылық рәсіміне қатысу трендке айналған

The Wall Street Journal мақаласына сілтеме жасаған Aikyn.kz жастар арасында сәнге айналған бағыттың себебін түсіндіреді.

Пандемиядан кейін күшейген оқшаулану мен тұрақсыздық жастарды қауымдастыққа, сенімге және шынайы байланысқа жақындата түсуде. Нью-Йоркте жастардың жаңа танымал орны пайда болды. Бұл – бар немесе клуб емес, жексенбілік месса. The Wall Street Journal жазғандай, Гринвич-Виллидждегі Әулие Жүсіп шіркеуінде кешкі сағат 18:00-дегі месса «билеті түгел сатылып кеткен концерттей» өтеді. Орындықтар толы, кешіккендер дәлізде тұрады, ал қызмет шамамен 90 минутқа созылады.

Энтони Гросс пен Кейт ДеПетро бастаған Pizza to Pews (Пиццадан шіркеу орындықтарына) деп аталатын бұл бастама мессадан бір сағат бұрын жастарды пиццаға жинайды. Алғашқы аптада 100-ден астам адам келсе, үшінші аптада олардың саны 200-ге жеткен. Кейбірі Лонг-Айлендтен көлікпен, енді бірі Бостоннан пойызбен келген.

Бұл жай діни рәсім емес – ортақ құндылық іздеген ұрпақтың жаңа қауымдастығы. Пандемиядан кейін жалғыздық, сенім дағдарысы, саяси және экономикалық тұрақсыздық күшейді. Жастар бұрын клубтан, әлеуметтік желіден немесе мансаптан іздеген мағынаны енді қауымнан, дәстүрден, сенімнен іздей бастады. Бір қатысушының сөзімен айтқанда: «Бұл – өзіңмен бірдей құндылықтарға негізделген адамдармен кездесу туралы».Әсіресе, Z буыны үшін шіркеу жаңа форматқа айналып келеді. 25 жастағы Тейлор Доногью Нью-Йоркке көшкеннен кейін шіркеуге тұрақты бара бастағанын айтады: «Менің сенімім қатты өсті». Ол жексенбісін әдемі киіну, достармен шіркеуге бару, кейін таңғы-кешкі ас ішу ретінде көрсетіп, ТикТокта бұны «мағыналы жексенбі» деп атайды.

Бұл трендтің тағы бір қыры – танысу мәдениеті. Ортақ сенім мен құндылық романтикалық қатынастарда да маңызды бола бастады. Сондықтан шіркеу рухани кеңістік қана емес, жаңа әлеуметтік байланыс алаңына айналып отыр.

Нью-Йорк тәжірибесі бір ойды көрсетеді: цифрлық дәуірде жастарға тек байланыс емес, мағынасы бар байланыс керек. Шіркеудің қайта танымал болуы – діннің ғана емес, қауым, тұрақтылық және шынайы қатынасқа деген сұраныстың белгісі.