Мас жүргізушінің ісі Павлодар сотында қаралады

Мас жүргізушінің әрекеті Павлодар сотында қаралады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілішісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

5 желтоқсанда Павлодар қаласындағы Естай көшесінің 91-үй ауласында жол-көлік оқиғасы орын алды деген хабарлама полицияға түсті. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары Honda маркалы автокөлік жүргізушісінің рөлді басқара алмай, тұрақта тұрған екі көлікті соғып, кейін ағашқа соғылғанын анықтады.

Медициналық тексеру жүргізушінің алкогольдік мас күйде болғанын растады. Оның автокөлігі арнайы тұраққа қойылды. Мас күйінде көлік жүргізу арқылы басқа көлік құралдары мен нысандарға зиян келтіргені үшін жүргізуші заң алдында жауап береді. Бұл оқиғаға қатысты іс материалдары сотқа жіберілді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу амалдарын жүргізуде.

– Мас күйде көлік жүргізу – заңның өрескел бұзылуы және жолдағы қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді. Әрбір құқық бұзушы тиісті жазасын алады, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД.